Қазақстанда жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК-ті қалай ашуға болады

Шағын және орта бизнеске арналған әмбебап салық режимі — оның шарттары, салықтары, есептіліктері мен ашу процессі туралы сөз қозғаймыз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Владислав Флоринский

Владислав Флоринский

редактор

Қазақстанда жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК-ті қалай ашуға болады

ЖК — бұл жеке шағын бизнес ашудың ең жеңіл және заңды жолы болып табылады. Жеке кәсіпкер басқа ұйымдармен жұмыс істеп, қызметкер жалдап, тапқан табысын өз еркімен жұмсай алады. Сонымен қатар, ЖК зейнетақы жарнасын төлегендіктен, қызметкердің жұмыс стажы есептелетін болады.

ЖК-ті тіркеу алдында не істеу керек?

Тіркеу бұрын қызмет түрі мен салық режимін таңдау керек. Оны алдын-ала істеу керек, себебі тіркеу кезінде сәйкес тармақтарды толтыру қажет болады.

ЖК-тің қызмет түрлері

Елімізде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші — ЭҚЖЖ бар. Онда мал шаруашылығынан бастап, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге дейінгі кәсіпкерліктің барлық түрлері аталған.

Жіктеуіш бойынша қызметтің үш түрін таңдауға болады:

  • Қызметтің негізгі түрі — басты табыс көзі.
  • Қызметтің қосымша түрі — негізгіге қарағанда азырақ табыс әкелетін қызмет түрі.
  • Қызметтің қосалқы түрі — негізгі және қосымша қызмет түрлерін сүйемелдейтін қызмет түрі: тасымалдау, сақтау, сатып алу, өнім өткізуді дамыту, тазалау, жөндеу, күзет және тағы басқа мақсаттарда пайдаланады.

ЖК-тің қызмет түрінің коды

Әр қызмет түрінің өзіне сәйкес коды болады, ол код қызметтің бөлімін, тобын, класын және ішкі класын анықтайды.

Мысалы, егер сіз азық-түлік дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде 47.11.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендерде көбінесе тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату» кодын таңдауыңызға болады.

Егер оның жанында көкөніс киоскісін ашқыңыз келсе, қосымша қызмет түрі ретінде 47.21.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендерде жеміс-жидектер мен көкөністерді бөлшек саудада сату» кодын таңдауға болады.

ЖК-тің салық режимдері

Салық төлеу және есептілік беру кәсіпкерліктің салық режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

Салық режимдерінің негізгі түрлері:

  • ЖБР — жалпыға бірдей белгіленген салық режимі.
  • Оңайлатылған — оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
  • Патент — патент негізіндегі арнаулы салық режимі.

Бұл мақалада ЖБР ЖК ашу туралы айтатын боламыз. Оңайлатылған режим мен патент туралы біздің басқа мақалаларымызда оқуға болады:

ЖБР ЖК

Жалпыға бірдей белгіленген режимді барлық кәсіпкерлер таңдай алады — бұл кез келген шағын және орта бизнес түріне жарай беретін әмбебап салық режимі.

ЖБР ЖК шарттары:

  • 1С-те бухгалтерлік есеп жүргізу;
  • 220.00 нысан бойынша жылдық есеп беру — алдыңғы жыл үшін 31 наурызда тапсырылады;
  • 200.00 нысан бойынша тоқсан сайынғы есеп беру — арнайы есеп беру кезеңдерінде тапсырылады:
    • I тоқсан — 1 сәуірден 15 мамырға дейін
    • II тоқсан — 1 шілдеден 15 тамызға дейін
    • III тоқсан — 1 қазаннан 15 қарашаға дейін
    • IV тоқсан — 1 қаңтардан 15 ақпанға дейін

ЖБР ЖК-тің максималды жылдық табысы — 300 000 АЕК (918 900 000 теңге).

Қызметкерлердің жылдық максималды орташа тізімдік саны — 250 адам.

Осы көрсеткіштерге жеткен кезде, ЖК-ті жауып, ЖШС ашу керек болады.

Сондай-ақ, егер ЖК-тің жылдық айналымы 20 000 АЕК-тен асып кетсе, кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке тұруы тиіс болады.

ҚҚС бойынша есепке қашан тұрған жөн?

ҚҚС — бұл қосылған құн салығы. ҚҚС бойынша есепке екі жағдайда тұру керек:

  • ҚҚС салынатын тауарларды сататын болсаңыз;
  • жылдық айналым 20 000 АЕК-тен асып кетсе — 2022 жылы 61 260 000 теңге.

Егер ЖК-тің жылдық айналымы 20 000 АЕК шамасынан асып кетсе, кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке тұрып, 12% қосымша салық төлеуі тиіс болады.

Аталған шамадан асып кеткен жағдайда ҚҚС бойынша есепке тұру кәсіпкердің жеке жауапкершілігі болып саналады. Салық органы ол туралы хабарламай-ақ, айыппұл салатын болады. Сондықтан, айналымның мөлшерін кәсіпкер өз бетімен қадағалауы керек.

ЖК ҚҚС-ты төлеуден жалтарғаны үшін салық комитеті шамадан асып кеткен соманың 15% мөлшерінде айыппұл салады. Бірақ, айыппұл мен ҚҚС сомасы төленгеннен кейін ҚҚС бойынша есептен бірден шығу мүмкін емес, ол үшін ЖК айналымы бір жыл бойы жоғарыда аталған шамадан аспауы керек. Ондай жағдайға ұшырамау үшін уақытында, яғни, айналым шамадан асқан кезден бастап 10 күн ішінде есепке тұру керек.

ЕАЭО тауарлары үшін төленетін салық

ЕАЭО елдерімен жұмыс істейтіндер үшін тағы бір салық пен есептілік қарастырылған.

Егер сіз тауарларды Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдерінен тасымалдасаңыз, жанама салық төлеуге міндетті боласыз. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл 12% мөлшеріндегі ҚҚС-тің өзі.

Оның не қажеті бар: мысалы, Ресейде ҚҚС мөлшері 20%, бірақ ЕАЭО шарты бойынша ресейлік компаниялар өздерінің ҚҚС салынатын тауарларын Қазақстанға ҚҚС-ты қоспай жөнелтуі тиіс.

Тауарды елімізге жеткізгеннен кейін, сіз ҚҚС-ты қазақстандық мөлшерлеме бойынша төлеп, 328.00 нысан бойынша есептілік тапсыруыңыз қажет. Ол айыппұлға ұшырамау үшін, сондай-ақ, тауар сатқан ел есеп сұрап қалатын жағдайларда қажет болады.

ЖБР ЖК қандай салық төлеуі керек?

ЖБР ЖК жылына бір рет жеке табыс салығын және ай сайын қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдер төлейді. Есептілікті онлайнда салық төлеушінің кабинеті арқылы тапсырады.

ЖТС — жеке табыс салығы

Бұл ЖБР ЖК төлейтін негізгі салық, ол тапқан табыстың 10%-ын құрап, жылына бір рет төленеді.

Қандай есептілік беру керек: 220.00 нысан бойынша ЖТС декларациясы — жылына бір рет 31 наурызға дейін. Бұл декларация алдыңғы жылғы кезең үшін тапсырылады, яғни, 2022 жылдың есептілігін 2023 жылғы 31 наурызға дейін тапсыру керек.

Қашан төлеу керек: жылына бір рет 10 сәуірге дейін, ЖТС декларациясын тапсырғаннан кейін.

Ай сайынғы өзі үшін төленетін төлемдер

ЖК иесі өзі үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуі тиіс. Еңбекақысын кәсіпкер өз еркімен тағайындайды, бірақ оның сомасы 1 ЖТМ-нен кем болмауы тиіс — 2022 жылы ЖТМ мөлшері 60 000 теңгені құрайды.

Өзі үшін нені төлеу керек:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар
  • Әлеуметтік салық
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары

Ай сайынғы қызметкерлер үшін төленетін төлемдер

Қызметкерлер үшін төленетін әлеуметтік төлемдер еңбекақы сомасынан есептеледі. Еңбекақы шығын ретінде есептеліп, ЖТС-на кірмейді.

Қызметкерлер үшін нені төлеу керек:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар
  • МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары
  • Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС
  • Әлеуметтік салық

Еңбекақыдан қанша салық төлеу керек

200 000 теңге мөлшеріндегі қызметкер еңбекақысынан әлеуметтік төлемдерді есептеу формулалары. ЖК өзі үшін де осы формулалар бойынша төлейді.

Қызметкер есебінен

МЗЖ — еңбекақы х 10%
200 000 х 10% = 20 000 теңге

Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС — (еңбекақы - МЗЖ - 14 АЕК) х 10%
(200 000 - 20 000 - 42 882) х 10% = 13 711,8 теңге

МӘМСЖ — 1,4 АЕК-тен 5%
84 000 х 5% = 4 200 теңге

Жұмыс беруші есебінен

МӘМС — еңбекақы х 3%
200 000 х 3% = 6 000 теңге

ӘА — (еңбекақы - МЗЖ) х 3,5%
(200 000 - 20 000) х 3,5% = 6 300 теңге

Әлеуметтік салық — қызметкер үшін 1 АЕК (3 063 теңге), өзі үшін 2 АЕК (6 126 теңге)

Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 162 089 теңге алатын болады. Ал жұмыс беруші үстнен тағы 15 363 теңге төлейтін болады.

Еңбекақыдан төленетін салықтар бойынша қандай есептілік тапсыру керек: ЖТС және әлеуметтік салық бойынша 200.00 нысан — тоқсан сайын, 15 мамырға, 15 тамызға, 15 қарашаға және келесі жылғы 15 ақпанға дейін.

Еңбекақыдан төленетін салықтарды қашан төлеу керек: ай сайын, әр келесі айдың 25 жұлдызына дейін. Мысалы, қазан үшін 25 қарашаға дейін, қараша үшін 25 желтоқсанға дейін, және т.с.с.

ЖК-ті қалай ашуға болады

ЖК-ті тіркеу үшін мемлекеттік органдарға онлайн хабарландыру жіберу керек. Ол үшін электрондық лицензиялау сайтында немесе екінші деңгейлі банктер қосымшаларында белгіленген үлгі бойынша өтініш беру керек. Тіркелу қызметі толығынан тегін.

ЖК-ті мемлекеттік қызмет арқылы онлайнда тіркеу үшін тек қана электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Оны ХҚКО-да немесе egov.kz электрондық үкімет сайтында алуға болады.

Elicense.kz-те ЖК-ті қалай ашуға болады

1. ЭЦҚ арқылы авторизациялану

2. «Қызмет көрсету» бөліміне өту → «Дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама» → «Қызметке онлайн тапсырыс беру»

3. Деректерді толтыру:

  • нақты мекенжайы
  • ЖК атауы
  • қызмет түрі (ЭҚЖЖ)
  • салық режимі (ЖБР, «оңайлатылған», «патент»)

4. ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою

ЖК тіркелгені туралы elicense.kz порталындағы жеке кабинетте білуге болады:

Ары қарай не істеу керек

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу туралы хабарландыру жіберілгеннен соң, бірден жұмыс істей беруге болады. ЖК ашылғаннан соң аталған хабарландыру расталды деп саналады. Енді табысты ресми түрде есептеу үшін клиенттерден төлем қабылдау тәсілдерін таңдау керек.

Клиенттерден төлем қабылдау тәсілдері

ЖК клиенттерден төлем қабылдау түріне байланысты келесілерді тіркеу керек:

  • Онлайн-касса — қолма-қол ақша және банк карталары арқылы төлем қабылдау.
  • ЖК шоты — қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау.
  • POS-терминал — төлемдерді карта және QR көмегімен қабылдау.

Шотты Jusan Business мобильді қосымшасында ашуға болады — бұл тез, тегін, әрі банкке барудың қажетісіз. Сондай-ақ, бірден карта және QR арқылы төлем қабылдайтын POS-терминалға тапсырыс беруге болады — оны келесі күні жеткізіп, қосып береді.

Jusan Business-те шот ашыңыз

Jusan Business мобильді қосымшасында шот ашып, бизнесті басқарыңыз

Оны Google Play-ден немесе App Store-дан жүктеңіз

appStoreplayStore