Қазақстанда оңайлатылған ЖК-ті қалай ашуға болады

Кәсіпкерлерге арналған ең жеңіл және қолайлы режим — оның салықтары мен есептері аз, бірақ шектеулері бар

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Владислав Флоринский

Владислав Флоринский

редактор

Қазақстанда оңайлатылған ЖК-ті қалай ашуға болады

ЖК — бұл жеке шағын бизнес ашудың ең жеңіл және заңды жолы болып табылады. Жеке кәсіпкер басқа ұйымдармен жұмыс істеп, қызметкер жалдап, тапқан табысын өз еркімен жұмсай алады. Сонымен қатар, ЖК зейнетақы жарнасын төлегендіктен, қызметкердің жұмыс стажы есептелетін болады.

ЖК-ті тіркеу алдында не істеу керек?

Тіркеу бұрын қызмет түрі мен салық режимін таңдау керек. Оны алдын-ала істеу керек, себебі тіркеу кезінде сәйкес тармақтарды толтыру қажет болады.

ЖК-тің қызмет түрлері

Елімізде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші — ЭҚЖЖ бар. Онда мал шаруашылығынан бастап, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге дейінгі кәсіпкерліктің барлық түрлері аталған.

Жіктеуіш бойынша қызметтің үш түрін таңдауға болады:

  • Қызметтің негізгі түрі — басты табыс көзі.
  • Қызметтің қосымша түрі — негізгіге қарағанда азырақ табыс әкелетін қызмет түрі.
  • Қызметтің қосалқы түрі — негізгі және қосымша қызмет түрлерін сүйемелдейтін қызмет түрі: тасымалдау, сақтау, сатып алу, өнім өткізуді дамыту, тазалау, жөндеу, күзет және тағы басқа мақсаттарда пайдаланады.

ЖК-тің қызмет түрінің коды

Әр қызмет түрінің өзіне сәйкес коды болады, ол код қызметтің бөлімін, тобын, класын және ішкі класын анықтайды.

Мысалы, егер сіз азық-түлік дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде 47.11.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендерде көбінесе тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату» кодын таңдауыңызға болады.

Егер оның жанында көкөніс киоскісін ашқыңыз келсе, қосымша қызмет түрі ретінде 47.21.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендерде жеміс-жидектер мен көкөністерді бөлшек саудада сату» кодын таңдауға болады.

ЖК-тің салық режимдері

Салық төлеу және есептілік беру кәсіпкерліктің салық режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

Салық режимдерінің негізгі түрлері:

  • ЖБР — жалпыға бірдей белгіленген салық режимі.
  • Оңайлатылған — оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
  • Патент — патент негізіндегі арнаулы салық режимі.

Бұл мақалада оңайлатылған ЖК ашу туралы айтатын боламыз. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК мен патент туралы біздің басқа мақалаларымызда оқуға болады:

Оңайлатылған ЖК

Оңайлатылған ЖК — бұл кәсіпкерлерге арналған ең жеңіл және қолайлы салық режимі. Оны сауда, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет түрлері үшін таңдауға болады. Бірақ, бұл режимнің шектеулері бар — оңайлатылған ЖК-терге акцизделетін тауарларды көтермелеп сату, лотерея ойнау, консультация қызметтерін көрсету және тағы бірнеше қызмет түрлерімен айналысуға болмайды. Бүгінгі күні шектеулер тізімі 32 қызмет атауынан тұрады, бірақ 2023 жылы тізімге енгізілетін өзгерістер күтілуде.

Оңайлатылған ЖК-тің шарттары:

  • қызметкерлер саны — ЖК иесін қоса алғанда 30 адам;
  • бухгалтерлік есепті жүргізбеуге болады, бірақ салық есебін міндетті түрде жүргізу керек;
  • максималды жарты жылдық табысы — 24 038 АЕК-ке дейін, 73 628 394 теңге;
  • ҮИЖ — үш компонентті интеграцияланған жүйені қолдана отырып тапқан максималды жарты жылдық табысы — 94 086 АЕК-ке дейін, 288 185 418 теңге.

ҮИЖ — бұл үш компонентті интеграцияланған жүйе. Оған не кіреді:

  1. Онлайн-касса — қолма-қол ақшалай төлемдер мен карта арқылы төлемдер үшін
  2. POS-терминал — қолма-қол ақшасыз төлемдер үшін
  3. Тауарларды есепке алуды автоматтандыру жүйесі

ҮИЖ-ні салық комитетінде тіркеу қажет. Оның компоненттерін бөлек те сатып алуға болады, бірақ ол қымбатырақ шығады. Сондай-ақ, ҮИЖ компонеттері салық органдарының талаптарына сәйкес келмеуі мүмкін, бұл жағдайда комитет оларды бөлек түрде тіркеуден бас тартады.

Сондықтан, салық органдарының мақұлдауынан өткен дайын шешімдерді пайдаланған жөн. Көпшілік пайдаланатын ҮИЖ-лер:

Аумақ бойынша шектеулер

Оңайлатылған ЖК тек қана бір елді мекен аумағында жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, сіз Алматы қаласының түрлі аудандарында бірнеше сауда нүктесін аша аласыз, бірақ егер енді Алматы облысында нүкте ашқыңыз келсе, оңайлатылған ЖК шарты бұзылады, себебі облыс басқа елді мекенге жатады.

Оңайлатылған ЖК қандай салық төлеуі керек?

Оңайлатылған ЖК жарты жылда бір рет жеке табыс салығын және ай сайын қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдерді төлеуі тиіс.

ЖТС — жеке табыс салығы

Оңайлатылған ЖК үшін ЖТС табыс мөлшерінің 3% құрайды, оның 1,5% — табыс салығы, 1,5% — әлеуметтік салық.

Қандай есептілік беру керек: 910.00 СЕН бойынша шағын бизнеске арналған оңайлатылған декларация. Оған айналым, салықтар, еңбекақылар мен қызметкерлер үшін төленетін аударымдар кіреді. ЖТС түгел жарты жылдық айналым үшін төленеді. Бұл есептілік әр жарты жыл сайын берілуі тиіс, бірақ ол ЖК-ті ашқан уақыттан жарты жыл өткенде емес, арнайы белгіленген мезгілдерде тапсырылады:

  • 1-ші жарты жылдық үшін — 1 шілдеден 15 тамызға дейін
  • 2-ші жарты жылдық үшін — 1 қаңтардан 15 ақпанға дейін

Егер сіз ЖК-ті желтоқсанда ашсаңыз, алдыңғы қаңтар айында екінші жарты жыл үшін есеп беруге міндетті боласыз.

Қашан төлеу керек: әр жарты жыл сайын — 1-ші жарты жыл үшін 25 тамызға дейін, 2-ші жарты жыл үшін — келесі жылғы 25 ақпанға дейін.

Ай сайынғы өзі үшін төленетін төлемдер

ЖК иесі өзі үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуі тиіс. Еңбекақысын кәсіпкер өз еркімен тағайындайды, бірақ оның сомасы 1 ЖТМ-нен кем болмауы тиіс — 2022 жылы ЖТМ мөлшері 60 000 теңгені құрайды.

Өзі үшін нені төлеу керек:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары

Ай сайынғы қызметкерлер үшін төленетін төлемдер

Қызметкерлер үшін төленетін әлеуметтік төлемдер еңбекақы сомасынан есептеледі.

Қызметкерлер үшін нені төлеу керек:

  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар
  • МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары
  • Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС

Еңбекақыдан қанша салық төлеу керек

200 000 теңге мөлшеріндегі қызметкер еңбекақысынан әлеуметтік төлемдерді есептеу формулалары. ЖК өзі үшін де осы формулалар бойынша төлейді.

Қызметкер есебінен

МЗЖ — еңбекақы х 10%
200 000 х 10% = 20 000 теңге

Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС — (еңбекақы - МЗЖ - 14 АЕК) х 10%
(200 000 - 20 000 - 42 882) х 10% = 13 711,8 теңге

МӘМСЖ — 1,4 АЕК-тен 5%
84 000 х 5% = 4 200 теңге

Жұмыс беруші есебінен

МӘМС — еңбекақы х 3%
200 000 х 3% = 6 000 теңге

ӘА — (еңбекақы - МЗЖ) х 3,5%
(200 000 - 20 000) х 3,5% = 6 300 теңге

Әлеуметтік салық — қызметкер үшін 1 АЕК (3 063 теңге),
өзі үшін 2 АЕК (6 126 теңге)

Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 162 089 теңге алатын болады. Ал жұмыс беруші үстнен тағы 15 363 теңге төлейтін болады.

Қашан төлеу керек: ай сайын, келесі айдың 25 жұлдызына дейін.

Нөлдік есеп

Егер ЖК-те жарты жыл бойы айналым жүрмесе, жарты жылдық «бос өрісті» есеп, яғни, «нөлдік» есеп тапсыруға болады. Бұл жағдайда сіз ай сайын тек МӘМС төлеуге міндетті боласыз.

Егер ЖК осы шарттардың бірін бұзса, автоматты түрде оңайлатылған режимнен жалпыға бірдей белгіленген режимге (ЖБР) көшеді.

Егер ЖК ҚҚС төлеушісі болса, ол үшін бөлек салық мөлшерлемесі мен есептілік беру мерзімдері қарастырылған.

ҚҚС бойынша есепке қашан тұрған жөн?

ҚҚС — бұл қосылған құн салығы. ҚҚС бойынша есепке екі жағдайда тұру керек:

  • ҚҚС салынатын тауарларды сататын болсаңыз;
  • жылдық айналым 20 000 АЕК-тен асып кетсе — 2022 жылы 61 260 000 теңге.

Егер ЖК-тің жылдық айналымы 20 000 АЕК шамасынан асып кетсе, кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке тұрып, 12% қосымша салық төлеуі тиіс болады.

Аталған шамадан асып кеткен жағдайда ҚҚС бойынша есепке тұру кәсіпкердің жеке жауапкершілігі болып саналады. Салық органы ол туралы хабарламай-ақ, айыппұл салатын болады. Сондықтан, айналымның мөлшерін кәсіпкер өз бетімен қадағалауы керек.

ЖК ҚҚС-ты төлеуден жалтарғаны үшін салық комитеті шамадан асып кеткен соманың 15% мөлшерінде айыппұл салады. Бірақ, айыппұл мен ҚҚС сомасы төленгеннен кейін ҚҚС бойынша есептен бірден шығу мүмкін емес, ол үшін ЖК айналымы бір жыл бойы жоғарыда аталған шамадан аспауы керек. Ондай жағдайға ұшырамау үшін уақытында, яғни, айналым шамадан асқан кезден бастап 10 күн ішінде есепке тұру керек.

ЕАЭО тауарлары үшін төленетін салық

ЕАЭО елдерімен жұмыс істейтіндер үшін тағы бір салық пен есептілік қарастырылған.

Егер сіз тауарларды Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения елдерінен тасымалдасаңыз, жанама салық төлеуге міндетті боласыз. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл 12% мөлшеріндегі ҚҚС-тің өзі.

Оның не қажеті бар: мысалы, Ресейде ҚҚС мөлшері 20%, бірақ ЕАЭО шарты бойынша ресейлік компаниялар өздерінің ҚҚС салынатын тауарларын Қазақстанға ҚҚС-ты қоспай жөнелтуі тиіс.

Тауарды елімізге жеткізгеннен кейін, сіз ҚҚС-ты қазақстандық мөлшерлеме бойынша төлеп, 328.00 нысан бойынша есептілік тапсыруыңыз қажет. Ол айыппұлға ұшырамау үшін, сондай-ақ, тауар сатқан ел есеп сұрап қалатын жағдайларда қажет болады.

ЖК-ті қалай ашуға болады

ЖК-ті тіркеу үшін мемлекеттік органдарға онлайн хабарландыру жіберу керек. Ол үшін электрондық лицензиялау сайтында немесе екінші деңгейлі банктер қосымшаларында белгіленген үлгі бойынша өтініш беру керек. Тіркелу қызметі толығынан тегін.

ЖК-ті мемлекеттік қызмет арқылы онлайнда тіркеу үшін тек қана электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Оны ХҚКО-да немесе egov.kz электрондық үкімет сайтында алуға болады.

Elicense.kz-те ЖК-ті қалай ашуға болады

1. ЭЦҚ арқылы авторизациялану

2. «Қызмет көрсету» бөліміне өту → «Дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама» → «Қызметке онлайн тапсырыс беру»

3. Деректерді толтыру:

  • нақты мекенжайы
  • ЖК атауы
  • қызмет түрі (ЭҚЖЖ)
  • салық режимі (ЖБР, «оңайлатылған», «патент»)

4. ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою

ЖК тіркелгені туралы elicense.kz порталындағы жеке кабинетте білуге болады:

Ары қарай не істеу керек

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу туралы хабарландыру жіберілгеннен соң, бірден жұмыс істей беруге болады. ЖК ашылғаннан соң аталған хабарландыру расталды деп саналады. Енді табысты ресми түрде есептеу үшін клиенттерден төлем қабылдау тәсілдерін таңдау керек.

Клиенттерден төлем қабылдау тәсілдері

ЖК клиенттерден төлем қабылдау түріне байланысты келесілерді тіркеу керек:

  • Онлайн-касса — қолма-қол ақша және банк карталары арқылы төлем қабылдау.
  • ЖК шоты — қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау.
  • POS-терминал — төлемдерді карта және QR көмегімен қабылдау.

Шотты Jusan Business мобильді қосымшасында ашуға болады — бұл тез, тегін, әрі банкке барудың қажетісіз. Сондай-ақ, бірден карта және QR арқылы төлем қабылдайтын POS-терминалға тапсырыс беруге болады — оны келесі күні жеткізіп, қосып береді.

Jusan Business-те шот ашыңыз

Jusan Business мобильді қосымшасында шот ашып, бизнесті басқарыңыз

Оны Google Play-ден немесе App Store-дан жүктеңіз

appStoreplayStore