Кәсіпкерлерге мемлекеттен кредитке арналған кепілдікті қалай алуға болады

Мемлекеттік кепілдік деген не, оны қалай алуға болады және ол қандай жағдайларда қайтарып алынуы мүмкін

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Владислав Флоринский

Владислав Флоринский

редактор

Кәсіпкерлерге мемлекеттен кредитке арналған кепілдікті қалай алуға болады

Кредит алу үшін банкке кепіл беру керек — бұл қарыздың қайтарылатынына сенімді болу үшін алынатын кепілдік. Егер кредитті өтеу мүмкін болмаса, онда кредит беруші мекеме қарызгерден кепіл мүлкін алып, қарыз сомасын өтеу үшін сататын болады. Банк шарттары бойынша кепіл ретінде көлік, жер учаскесі, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, жабдық және басқа да құны кредит сомасына тең немесе одан да жоғары мүлік саналады.

Ал егер бизнесменде мүлік жоқ болса, бұл мәселені 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы мемлекеттік қолдау арқылы шешуге болады.

Кепілдік деген не

Кепілдік — бұл клиент келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындай алмайтын жағдайда, оның төлемдерін банк немесе мемлекет төлеп шығуына кепілдік беретіні туралы құжат.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша кәсіпкер алған кредитін төлей алмайтын жағдай туғанда, мемлекет оның негізгі борышының бір бөлігін өтеп шығатыны туралы банкке кепілдік береді.

Қолдау көрсету бағдарламасы бойынша кепілдік те алуға болады, кредиттың сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға да болады. Осылайша, мемлекет кәсіпкерлерге кешенді көмек көрсетпекші.

Жоба мақсаты

Кепілдік беру бағдарламасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жасалған. Ол арқылы мемлекет халықты жұмыспен қамтамасыз етуді, экономика секторларын түрлендіруді және кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестік орнатуды көздейді.

Бағдарламаға кім қатыса алады

Оған тек қана микро-, шағын және орта бизнес қатыса алады. Кепілдік алуға өтінім беру үшін келесі санаттардың біреуіне сәйкес болу керек:

  • микробизнес: қызметкерлер штаты 15 адамға дейін, орташа жылдық табысы 92 млн теңгеге дейін (30 000 АЕК);
  • шағын бизнес: қызметкерлер штаты 100 адамға дейін, орташа жылдық табысы 919 млн теңгеге дейін (300 000 АЕК);
  • орта бизнес: қызметкерлер штаты 250 адамға дейін, орташа жылдық табысы 9,2 млрд теңгеге дейін (3 000 000 АЕК).

Кепілдік беру түрлері

Ұлттық жоба кепілдік беруді екі бағыт бойынша жүзеге асырады:

  • портфельдік кепілдік беру — микро- және шағын кәсіпкерліктерге арналған;
  • индустриялық-инновациялық қызметке қолдау көрсету — экономиканың басым секторларындағы салаларда қызмет ететін кәсіпкерлерге арналған. Ауылдық елді-мекендер мен моноқалалардағы жобалар үшін сала бойынша шектеу жоқ.

Кепілдік қандай мақсаттарға беріледі

Кепілдік инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыру үшін беріледі. Ал жобаның екінші бағыты бойынша кредиттер мен лизингтік мәмілелерді қаржыландыру мақсаттарына да беріледі.

  • инвестициялық мақсаттарға компанияны кеңейту, модернизациялау, сондай-ақ, негізгі құралдар, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдық сатып алу, және еңбек етуге қолайлы шарттар жасау жатады
  • айналым қаражатын толықтыру — бұл тауар сатып алу, жеткізушілермен есептесу, еңбекақы төлеу, үй-жай жалдау, салық төлеу және тағы да басқа мақсаттар
  • қайта қаржыландыру — бірінші алынған кредитті өтеу үшін берілетін жаңа кредит

Кепілдікті қалай алуға болады

Кепілдік алу үшін бизнеске қолайлы бағдарламаны таңдап, барлық қажетті құжаттарды жинап, банкке хабарласу керек. Банк мамандары кәсіпкердің төлемқабілеттілігі мен қаржыландыру қажеттілігін тексереді де, басқа да стандартты рәсімдерді орындайды.

Содан кейін кәсіпкер «ДАМУ» қорына кепілдік алу туралы өтінім мен банктің кредит беру бойынша қабылданған оң шешімін жібереді. Қор өтінімді 10 жұмыс күні ішінде қарастырады. Оң шешім қабылданған жағдайда кепілдік беру туралы келісімшарт жасалады.

Бизнеске арналған кепілдік беру бағдарламалары

Кепілдік алу үшін кәсіпкердің кредиті арнайы талаптарға сай болуы тиіс.

Портфельдік кепілдік беру

Кімге арналған: микро- және шағын бизнеске

Бизнестің қандай салалары кіреді: банктік кредит бойынша — кез келген сала, микроқаржылық ұйымдардың кредиттері бойынша — экономиканың басым секторларындағы салалар

Кредиттің максималды сомасы: инвестициялауға — 20 миллион теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға — 5 миллион теңгеге дейін

Кредит бойынша кепілдік мөлшері: кредит сомасының 85%-на дейін

Кепілдік беру мерзімі: инвестициялауға — 3 жыл, ал айналым қаражатын толықтыруға — 2 жыл.

Индустриялық-инновациялық қызметке қолдау көрсету

Кімге арналған: индустриялық-инновациялық қызмет атқарушы кәсіпкерлерге.

Бизнестің қандай салалары кіреді: экономиканың басым секторларындағы салалар. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын есептемегенде, моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді-мекендердегі кәсіпкерлер үшін сала бойынша шектеу жоқ.

Кредиттің максималды сомасы: бір кәсіпкерге 1 млрд теңгеге дейін болуы тиіс. Ал жаңа бастаушы кәсіпкерлер мен моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді-мекендердегі бизнестер үшін — 360 млн теңгеге дейін болуы тиіс.

Кредитке бойынша кепілдік мөлшері: кредит сомасының 50%-на дейін. Ал жаңа бастаушы кәсіпкерлер мен Шымкент қаласында, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен облыс орталықтарында өңдеуші өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыратын кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері кредит сомасының 85%-на дейін құрайды.

Кепілдік беру мерзімі: кредит мерзімінен аспауы тиіс.

Қайта қаржыландыру: бірінші кредитті немесе лизингті алғаннан кейін 2 жыл ішінде алынған кредиттер мен лизингтік мәмілелер үшін.

Кепілдік беру үшін төленетін комиссия: жоқ.

Қандай құжаттар қажет

Банктің кредит беру бойынша қабылданған оң шешімін алғаннан соң, кәсіпкер «ДАМУ» қорына кепілдік алу туралы өтінім беруі тиіс. Құжаттарды дайындау барысында «ДАМУ» қорының менеджерлерінен көмек немесе консультация сұрауға болады.

Құжаттар пакетіне не кіреді:

  • заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы құжат
  • жобаның бизнес-жоспары
  • кәсіпкердің қаржылық қызметтері бойынша құжаттары
  • несиелік берешіктің бар-жоғы туралы, айналым туралы және салық берешегінің жоқтығы туралы анықтамалар
  • банктердегі барлық шоттар туралы деректер
  • жобаны жүзеге асыру бойынша құжаттар (бар болса): келісімшарттар, сатып алу-сату шарттары, ниет шарттары, жұмыс жүргізу және қызмет көрсету шарттары, орындалған жұмыстардың актілері, төлем шоттары, т.б.
  • тауарлардың ЕАЭО-ның бір елінен екінші еліне тасымалданғанын растайтын ілеспе құжаттардың көшірмелері (бар болса)
  • «жасыл жобаның» сыртқы бағалау провайдерінің қорытындысы немесе куәлігі (қызмет түрі «жасыл» жобаларға жататын болса)

Өтінімді онлайн түрде беруге болады

Индустриалық-инновациялық қызметке қолдау көрсету жобасы аясында өтінімді «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беруге болады. Бұл жағдайда мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен салық бойынша берешектің жоқтығы туралы мәлімет жүйеде автоматты түрде шығады.

Қажетті құжаттар:

  • бизнес-жоспар немесе жоба бойынша сараптамалық қорытынды
  • ЭЦП көмегімен қол қойылған электрондық өтінім
  • кредиттік бюроға деректерді ұсыну және кредит есептілігін алу туралы келісім
  • дербес деректерді жинау және өңдеу туралы келісім
  • кепілдік сомасы есептелген, кредит немесе қаржы лизингін беру бойынша банктің немесе лизингтік компанияның оң шешімі туралы хаттың электрондық немесе сканерленген көшірмесі
  • заңды тұлғалар үшін — қатысушысының немесе басшысының ЭЦҚ-сымен қол қойылған кепілдік алу туралы шешім

Қор өтінімдерді 10 күн ішінде қарастырады да, шешім қабылдағаннан кейін, кәсіпкерге хаттамадан алынған үзінді көшірме мен банктің ілеспе хатын жібереді.

Кепілдік қандай мақсаттарға берілмейді

Мемлекет субсидияламайтін салалар тізімі:

  • есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет;
  • акцизделетін өнімдерді өндіру және көтерме сату;
  • астық қабылдау орындарында астық сақтау қызметі;
  • ұтыс ойындарын өткізу;
  • құмар ойын бизнесі;
  • радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызмет;
  • банк және сақтандыру қызметі (сақтандыру агенттерінен басқа);
  • аудиторлық қызмет;
  • бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет атқару;
  • кредиттік бюролар;
  • күзет қызметі;
  • азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызмет;
  • ломбардтар, микроқаржылық және факторингтік ұйымдар, лизингтік компаниялар;
  • моторлы көлік құралдарын өндіру;
  • медициналық мақсатта құрамында спирті бар (бальзамдардан басқа) өнім шығару;
  • кен өндіру және карьерлерді қазу (құм және қиыршық тас өндіретін карьерлерден басқа)
  • акцияларының 50%-нан астамы мемлекетке тиесілі жобалар;
  • «Жекеменшік мекеме» және «Бейкоммерциялық ұйым» меншік нысандарындағы жобалар.

Нені есте сақтау керек

Бүгінгі күні кепілдікті оңай, тез, әрі артық бюрократиямен айналыспай-ақ алуға болады. Ескеретін жайт: жоба аясында алынған қаражатты тек бизнес-жоспарда жазылған мақсаттарға ғана жұмсау керек. Барлық шығын есептілік кезеңдерінде және тексеру барысында растайтын чектер мен жүкқұжаттарды ұсыну керек болған кезде көрінетін болады. Сонымен қатар, қызмет түгелдей ап-айқын болуы үшін уақытында келісімшарттар жасап отырып, төлемдерді шоттан шотқа жүргізіп отырған жөн.

Қаражатты мақсатқа сай пайдаланбаған жағдайда кепілдік күшін жоюы мүмкін.